2019 жылдың 19 наурызында Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде Наурыз мерекесі тойланды. Алдымен колледж фойесінде салтанатты шараның ашылуы өтті. Колледж директоры Қ.Идрисова оқытушылар мен білім алушыларды мерекемен құттықтап, шашу шашты.

Бұл күні колледждің бірінші қабатында дизайнерлердің «Көктем келді» деген тақырыпта көрмесі ұсынылды. Наурыз мерекесіне байланысты студенттердің дайындаған әзіл-ысқақ көрінісі қойылды. Колледж білім алушылары кітапханада қазақтың салт-дәстүрлеріне байланысты викториналық сұрақтарға жауап беріп, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Колледж ауласында қол күресі, 16 кг-дық кір тасын көтеру, асық, секіртпе, арқан тартысы сияқты қазақтың ұлттық спорттық ойындары ойналып, «Қара жорғамен» флешмоб биленді. Әр сабақтан кейінгі қоңырауда студенттер наурыз мерекесіне арналған дастарханнан тамақтанып, Наурыз көжеден дәм татты. Іс-шара сағат 12.00-де мәжіліс залында «Қош келдің, Наурыз!» деген тақырыптағы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Бөлісу