04.04.2018 ж. Ақан сері атындағы мəдениет колледжінде «Үздік оқырман топ» конкурсы өтті.

Кітап барлық заманда өмірдің рухани байлығы, асыл қазынасы. Ұлы тұлғалардың бәрі де ұлылыққа кітап оқу арқылы жеткен. Білімнің негізі кітапта. Кітап оқымай өмірді білу де, білім алу да мүмкін емес. Ақан сері атындағы мәдениет колледжі білім алушылардың білімді болуына өз үлесін белсенді қосуда.

Ақмола облысының Білім басқармасы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген тапсырмаларды іске асыру және «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының «Кітап – білім бұлағы» жобасын жүзеге асыру мақсатында 12 наурыз – 5 сәуір аралығында облыстың барлық колледждері арасында «Оқырман колледж» конкурсын жариялады.

Бұл конкурстың басты мақсаты – облыс бойынша ең үздік оқырман колледжді анықтау және білім алушыларды кітап оқуға ынталандырып, қызығушылығын арттыру.

Колледж кітапханашылары Хажымұратова Айман Елеукенқызы және Нұрлыбекқызы Назерке осы конкурстың аясында 3 курс топтарының арасында «Үздік оқырман топ» конкурсын сәуірдің 4-і күні ұйымдастырып, мағыналы да қызықты өткізді. Сайысқа барлығы 6 топ қатысып өз білімдері мен өнерлерін ортаға салды.

Барлық топтар сайыстың бірінші кезеңінде тест сұрақтарына дұрыс жауап беріп ұпай жинастырды. «Топтың сүйікті кітабы» атты екінші кезеңде топтар сүйікті үзінділерін сахналап, өздерінің шығармашылық ерекшелігін көрсете алғандары үшін көрермендердің қошеметіне бөленді. Конкурстың келесі кезеңінде топтар ең үздік оқырман топ ретінде бейнелерін фото баннер арқылы өздерінің кітапқа деген сүйіспеншілігін насихаттап, сайыстың соңында өлең мен би арқылы көрермендерді кітапты оқуға шақырды.

Әділ қазылар алқасының шешімімен «Театр ұжымының жетекшісі» мамандығы бойынша білім алушылар 1 орынды жеңіп алды. 2 орынға «Драма театр әртісі» тобы қол жеткізіп, «Көпшілік шаралар ұйымдастырушы» мамандығының тобы 3 орынды иеленді. Барлық қатысқан топтар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Біз жеңімпаз топ облыс деңгейінде де жеңіске жететіне үміттеніп, оларға ақ жол тілейміз.

Бөлісу