Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері 19 қазан күні «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды кешенінде болды. Бұл сапар 25 қазан – Республика күніне және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Сапар барысында студенттер құнды тарихи жәдігерлер мен деректермен танысып, өткен тарихымыздың ақтаңдақ кездеріне шолу жасады. Ел мен жер үшін күрескен ұлы тұлғаларымыздың әйелдері отырған «АЛЖИР» түрмесінің ауыр зардаптарын көздерімен көргендей әсерде қалған жастарымыз, өздеріне терең ой түйгендерін айтты.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды кешеніне ұйымдастырылған сапарға тарих мұғалімдері Гүлзина Тлеугабылова мен Бейсенбай Адай жетекшілік етті.
Жастарға берер тағылымы мол, төл тарихымызды тереңірек білуге, сүюге үйрететін киелі орындарды аралауға осындай мүмкіншілік берген колледжіміздің басшысы Идрисова Құралай Ғазизқызына деген студенттердің алғысы өте зор болды.
Әсіресе бұл сапардағы маңызды сәт, біздің колледжіміздің атынан берілген сыйлық кәде «АЛЖИР» мемориалды кешенінің қызметкерлеріне зор қуаныш сыйлады. Бұл сыйлық кәдені дайындаған колледжіміздің «Дизайн» мамандығының студенттері мен оқытушыларына үлкен алғысымызды айтамыз.
Алдағы уақытта киелі орындарды аралауға сапарлар ұйымдастырылып отырса, бұл жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп ғана қоймай, жауапкершілігі жоғары, еліміздің гүлденуіне бар күш жігерін салуға даяр түратын, тәуелсіздіктің қадірін терең түсінетін, еліміздің ынтымақ-бірлігі жарасқан бейбіт өмір салтын жалғастыратын тұлға қалыптастыруға өз септігін тигізеріне кәміл сенеміз.

 

Бөлісу