Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай «Ауған – сөнген шоқ, өшкен арман, тек сенен есте қалған» атты іс-шара өткізілді. Ауған соғысының ардагерлері Утепов Жақсылық Кұланұлы, Журынтаев Ербол Қайноллаұлы және Мақтаев Рефолла Есмухамбетұлы арнайы келіп, іс-шараның қонақтары болды. Колледжіміздің білім алушылары көкейлерінде жүрген сұрақтарын ардагерлерге қойып, ұзақ жылдар бойы тұмшаланып келген Ауған соғысы жайында бейнебаян тамашалап, тың ақпараттарға қанық болды.
Елбасы халыққа Жолдауында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі екендігін атап өткен. Жастарды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеу мақсатында колледжімізде Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-патриоттық клуб жұмыс істейді. Аталмыш клубтың мүшелері «Драма театр әртісі» мамандығының 1 курс білім алушылары өнерлерін көрсетіп, қонақтарды жігерлендіріп, рухтандырып жіберді. Мүшелхан Ғажайыптың орындауындағы «Атамекен» әнімен іс-шара шымылдығы жабылды.