Облыстық «Үздік педагог – 2018» байқауында жүлделі І орынды Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Байманова Ботагөз Сейітзияқызы иеленді.

Мамыр айының 17-18 күндері өткен байқауда Ақмола облысының техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындарынан  үздік деп танылған  21 оқытушы қатысып, бақтарын сынады. Байқаудың негізгі мақсаты – педагог кәсібінің мәртебесін арттыру және шығармашылықпен айналысатын оқытушыларды марапаттау.

Сайыстың үш кезеңінде де Ботагөз Сейітзияқызы кәсіби біліктілігін көрсете білді: «Менің кәсіби ұстанымым» деп аталатын бірінші кезеңде оқытушы кәсіби тұрғыда   өзін-өзі жан-жақты  таныстырса, екінші шығармашылық кезеңде өзінің авторлық жұмыстары, сабақтарының ғылыми-әдістемелік әзірлемелері, оқу бағдарламалары, оқу құралдары, оқу-әдістемелік кешендері бойынша сайысқа түсті. Ал сайыстың үшінші кезеңінде сыныптан тыс жұмыстарының фото және видеоматериалдары ұсынылып, сарапқа салынды.

Байқау комиссиясының мүшелері педагогтың портфолиосымен танысып, педагогикалық басылымдарда  жарияланған жұмыстарын, сондай-ақ «Мен – заманауи педагогпын!» деген тақырыпта жазылған эссені бағалады.

Жасампаз және талантты оқытушылар бақ сынаған сайыста Ботагөз Сейітзияқызы өзінің биік шығармашылық қабілетімен ерекшелене білді. Жаңашыл әрі ізденімпаз оқытушыға әрқашан сәттілік тілейміз!

Бөлісу