Ақмола облысының білім басқармасы жанындағы  «Көкшетау қаласы, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі» МКҚК 2021 жылы материалдық-техникалық базаны жақсартуға мүмкіндік беретін республикалық «Жас маман» жобасына (операторы «Talap» КЕАҚ) қатысуға мақұлданды. Жобаға «Дизайн» мамандығының «Интерьер дизайны», «Киім дизайны» біліктіліктері бойынша қатысады.

Қазіргі уақытта жабдықты сатып алудың конкурстық процедуралары жүріп жатыр. Мемлекеттік сатып алу процедурасына сәйкес бұрғылау-қондыру станогы жеткізілді. Станокта жұмыс істеуді оқып үйренуді бірінші болып «Дизайн» мамандығының арнайы пәндерінің оқытушылары мен колледж қызметкерлері бастады. Бұл станок «Интерьерді функционалдық-кеңістіктік ұйымдастыру» кабинетіндегі жинақтаушы жабдық болып табылады.

Бұрғылау-қондыру станогы интерьер дизайны студенттеріне жиһаз құрылымдарының бөлшектеріндегі сапалы саңылауларды әр түрлі мақсатта нақты бұрғылауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, колледждің материалдық-техникалық базасы үш интерактивті тақтамен және сенсорлық графикалық планшеттермен толықтырылды.

Сенсорлық графикалық планшет сурет салу, жазу және сызуды  табиғилыққа мүмкіндігінше жақындатады. Графикалық планшет арқылы студенттер бояулар мен гуашты алмастыратын, фотоколлаждарын жасайтын түрлі сурет салу техникаларына еліктей алады. Интерактивті панель қолданудың кең спектріне ие: презентациялар, бейнеконференциялар, көрмелік экспонаттар, құжаттар мен жобалар бойынша бірлескен жұмыс жүргізу. Сонымен қатар, ақпаратты енгізудің кез-келген құрылғысын пайдалануға болады, ол пернетақта, тінтуір немесе графикалық планшет болуы мүмкін.

Болашақта жоба шеңберінде колледжде келесі кабинеттер жұмыс істейтін болады:

– дизайн және тігін бұйымдарын сәндеу дағдыларын алуға және жетілдіруге арналған оқу кабинеті;

–  тігін машиналарында және сандық тігін автоматтарында жұмыс істеу дағдыларын алуға арналған оқу кабинеті;

– дипломдық және курстық жобалауға арналған оқу кабинеті;

– интерьерді функционалдық-кеңістіктік ұйымдастыруға арналған оқу кабинеті.

«Жас Маман» жобасын іске асыру нәтижесінде колледж республикалық және халықаралық деңгейде сұранысқа ие мамандарды даярлауға қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, жарияланған мамандық бойынша өз аймағының құзыреттілік орталығына айналмақ, сонымен қатар WorldSkills чемпионатына қатысушыларды даярлайды.

Бөлісу