Сәуір айының 20-сы күні Ақмола облысы білім басқармасы мен Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің ұйымдастыруымен Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» жодауы аясында ақын, әнші, сазгер Ақан сері Қорамсаұлының 175 жылдығына орай «Арқаның ақиығы – Ақан сері» атты жастардың республикалық айтысы өтті. Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында өткен бұл айтыста Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Семей, Павлодар, Қарағанды, Петропавл, Көкшетау өңірлерінен 22 ақын бақ сынады. Айтыста ақын, жазушы, А. Байтұрсынов атындағы сыйлықтың лауреаты Т.Қажыбай, айтыскер ақын, М. Ғабдуллин атындағы мұражайдың директоры Қ. Мырзабеков, журналист, «Арқа ажары» газеті редакторының орынбасары Б. Байәділов, айтыскер ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Қ. Оспанов, акың, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты М. Тоқсанбай қазылар алқасында төрелік жасап, айтыстың шынайы бағалануына мұрындық болды.
Айтыс колледж студенттерінің Ақан серінің өмір жолы мен шығармашылығына арналған театрландырылған койылымымен басталды. Одан әрі сөз алған белгілі журналист, жазушы-драматург, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев айтыскер ақындарға ақ жол тілеп, батасын берді.
Айтыстың I кезеңінде 22 ақын өзара жұпталып өнер көрсетті. Олар: Медет Жаманов (Қарағанды) пен Ақынбай Сәрсенби (Көкшетау), Рай Дөңбай (Тараз) мен Мұхтар Әділов (Қарағанды), Манарбек Сатыбалдин (Семей) мен Айболат Көшкінбай (Актөбе), Төрехан Совет (Қызылорда) пен Таңнұр Әлбосын (Көкшетау). Ақбота Манарбекқызы (Алматы) мен Дәулет Құрмаш (СҚО), Бектас Төлеуғали (Атырау) мен Рауан Қайдаров (Павлодар), Мұхамет Қонқаев (Көкшетау) пен Ажар Қайырбек (Көкшетау), Бек Шымат (Астана) пен Нұрислам Әбділ (Көкшетау), Баймұрат Қенес (Атырау) пен Абзал Жұмабек (Кекшетау), Дәурен Ыскақ (ОҚ) пен Мақсат Серік (СҚО), Ерзат Әрін (Алматы) мен Іңкәрбек Әділхан (Семей).
Қазылар алқасының шешімімен бірінші кезеңнен сүрінбей өткен 10 ақын финалда өз өнерлерін ортаға салып, шешендік шеберлік пен көрегенді көркем ой саптап, терең тіркесті сөздерімен айтыс өнерінің шебер үлгісін көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені тараздық Рай Дөңбай, І орынды Ақтөбеден келген Айболат Көшкінбай иеленсе, ІІ орын көкшетаулық Нұрислам Әбділге, ал жүлделі ІІІ орын алматылық Ақбота Манарбекқызы мен павлодарлық Рауан Қайдаровтардың еншілеріне бұйырды.
Айтыс соңында сөз алған Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің директоры, ҚР мәдениет қайраткері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Құралай Ғазизқызы Идрисова айтыскер ақындарға ризашылығын білдіріп, оларды арнайы жүлдемен марапаттап, ақшалай сыйлықтар табыс етті.