2021 жылдың 11 қарашасында Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде «Флористика» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills Kazakhstan-2021» VI республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының 3 – ші қорытынды байқау күні өтті.
Бұл күні байқауға қатысушылар флористикалық дизайнның негізгі бағыттарының бірі – «Үйлену тойы» бойынша өз білімдері мен шеберліктерін көрсетті.
E модулі бойынша «Қалыңдықтың букетін алмастыратын үйлену тойы әшекейі» байқау жұмысын орындау үрдісінде қатысушылар 2 сағат ішінде қалыңдық үшін букетін алмастыратын әшекей жасады. Жұмыс қалыңдықтың бейнесіне сәйкес келуі және ұсынылған үйлену көйлегіне үйлесімді болуы керек.
F модулі бойынша байқау жұмысы «Тапсырма – тосын сый – үйлену Президиумы» деп аталды.
Бұл тапсырма ұсынылған үйлену президиумын безендіру үшін гүлдердің композициясын жасауға бағытталған. Байқау модулін орындауға 15 минут қалғанда тапсырманы жариялау ерекше шарт (тосын сый) болды.
Чемпионаттың барлық қатысушылары қорытынды күннің тапсырмаларын лайықты орындады.
Толқу артта қалды, алда – нәтижелерді асыға күту.
«Флористика» құзыреттілігі бойынша «WorldSkillsKazakhstan-2021» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының 3-ші күні мерекелік жабылу рәсімімен аяқталды. Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің мәжіліс залының сахнасына барлық байқау күндері ішінде флористикалық дизайнның негізгі бағыттары бойынша өз шеберліктері мен дағдыларын көрсеткен чемпионат қатысушылары шақырылды. Байқау алаңының жұмысын аяқтау аясында «Флористика» құзыреттілігі бойынша бас сарапшы Акимбаева Назель Рахимовна сөз сөйледі.
Чемпионаттың барлық қатысушыларына алдағы уақытта да кәсіби жетістіктер мен шығармашылық шабыт тілейміз!