Ақмола облысы әкімінің аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің сахнасында 2018 жылғы 14 наурызда  Ақан сері атындағы мәдениет коллежінің «Драма театры артисі» және «Театр ұжымының жетекшісі» біліктіліктерінің 3 курс  білім алушылары Тасболат Омаровтың жетекшілігімен қойылған «Жазығым не менің, мама?» сахналық қойылымын Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Еспайқызынының ұсынысымен  мектеп оқушыларына көрсетті.

Тәрбиелік мәні зор сахналық шығармада тастанды балалар, жетім қалған бүлдіршіндер, өмірге келмей жатып о дүниелік болған сәбилер көрермендермен тілдесіп, «Жазығым не?» – деп мұңын шағады. Яғни, шығармада өмірдің түрлі соқпақтарын бастан өткеріп, ата-ананың қамқорлығынсыз, аялы алақанның жылуынсыз қалған,  әке-шешесі қажет етпеген сәбилердің күрсінісі, толқынысы, монологы көрініс тапқан. Қазіргі күннің ащы шындығы бейнеленген туындыны көреремен қауым да ерекше тебіреніспен қабылдады.

Жастардың қоғамдағы өткір мәселелерге үн қосқаны, олардың жанайқайы көрермен жүрегін қозғағаны анық.

Бөлісу