№ А-6/248 31.05.2018 жылғы Ақмола облысы Әкімдігінің қаулысымен Көкшетау қаласы Ақан сері атындағы мәдениет колледжіне «ЖОҒАРЫ» деген мәртебе берілді.

2017-2018 оқу жылының соңы студенттер мен оқытушылар үшін жағымды жаңалықтармен есте қалмақ. Себебі Ақан сері атындағы мәдениет колледжіне «ЖОҒАРЫ» деген мәртебенің берілуі     –  бұл оның қызметінің лайықты бағасы.

Колледж өзінің 63 жылғы тарихында мәртебесін бірнеше рет өзгертті: кітапхана техникумы, мәдени-ағарту училищесі, мәдениет училищесі, мәдениет колледжі, ал 2018 жылдың 31 мамырынан бастап «Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі» деген атауға ие болды. Оқу орнының атауы сан мәрте өзгерсе де мәдениет колледжі қашанда заман талабына сай жұмыс істеп келе жатыр.

Колледждің ең негізгі нәтижесі – бұл 5 мамандық бойынша жүз мыңдаған түлектерді дайындап шығуы. Ол бірнеше мыңдаған кітапхана қызметкерлерін, драма театры актерлерін, халық аспаптар оркестрінің, театр және хореография ұжымдарының  жетекшілерін, дизайнерлерді оқытып шығарды. Мәдениет колледжі еліміздің, сонымен қатар көптеген жақын және алыс шет елдердің мәдениетіне өз үлесін қосып келеді.

Қазіргі уақытта Ақан сері атындағы мәдениет колледжі кәсіби мамандардың арқасында рухани мәдениетті қалыптастыруға және жастардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға бағытталған жұмыстарды атқаруда.

Колледждің оқытушылары мен білім алушылары қала мен облыстағы мәдени шараларға белсенді түрде ат салысуда, сонымен қатар орта мектеп, өнер және музыка мектептеріңде оқитын талантты балалармен мақсатты түрде кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Колледждің «Жоғары» мәртебе атағын иеленуі Ақмола облысының кәсіби білім жүйесін дамытуға қосқан үлесінің маңыздылығын анықтай түседі.

Студенттер мен оқытушыларға қуанышты хабарды колледж  директоры Құралай Ғазизқызы Идрисова жеткізді. Өзінің құттықтау  сөзінде колледж басшысы мемлекет өнер мен мәдениет саласының кәсіби мамандарына зәру екенін атап айтты.

Колледж бұдан әрі өзінің алдағы жоспарларына нық қадам басып, игілікті істерді жүзеге асыра беруіне тілектеспіз.

Бөлісу