Жыл сайын еліміздің өнер және мәдениет саласына мықты, креативті, келешегінен үміт күттіретін шығармашыл жастар қосылып отырады: музыканттар, хореографтар, режиссерлар, актерлар, дизайнерлер, көпшілік мәдени іс-шаралар ұйымдастырушылары.

Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде «Мәдениет колледжінің ЖҰЛДЫЗДЫ ТҮЛЕКТЕРІ» атты 2022 жылдың кезекті дипломды табыстау мерекелік кеші өтті.

«Драма театры әртісі» біліктілігінің 10 түлегі – еліміздің мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосатын жарқын, талантты тұлғалар. Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрымен екі тараптан қол қойылған Меморандумға сәйкес, 4 жыл бойы «Актерлік өнер» мамандығы бойынша сапалы білім алып, кәсіби дағдыларды игерді. Колледждің қоғамдық өміріне белсенді қатыса отырып, олар спектакльдерде рөлдерді сомдап, практикалық көрсетілімдерде, көрмелерде, концерттерде өз шеберліктерін шыңдады.

Барлық түлектер түрлі байқаулар мен фестивальдердің белсенді қатысушылары болып, колледж жетістіктерінің қоржынына көптеген жеңістер әкелді. Соның ішінде: 2020 ж. «ҚР колледждерінің үздік 100 студенті» Республикалық конкурсының жеңімпазы атанған Қомар Нұрсұлтан, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының Театр өнері факультетінің ұйымдастыруымен өткен Республикалық конкурсында 2022-2023 оқу жылына қабылдау емтиханына жеңілдік алып, колледжіміздің абыройын асқақтатқан Арасанбек Ерасыл мен үздік диплом иегері Талғатбек Мирас.

Құрметті 2022 жылғы түлек! Колледж сіздердің әрқайсыңызды мақтан тұтады және сіз алған құзыреттіліктеріңізді мемлекетіміздің дамуы үшін қолданатындығыңызға, алған дағдыларыңыз мәдениет саласын дамытып, жетілдіруді жалғастыратынына сенеді!

Ертеңгі күннің құрығын қолға ұстап, жолға шыққан түлектердің қадамдарына сәттілік тілейміз! Жолдарыңыз жарқын болсын!

Бөлісу