30.03.2018 ж. Ақан сері атындағы мəдениет колледжінің ұйымдастыруымен Ақан сері Қорамсаұлының 175 жылдығына орай “Арқаның ақиығы – Ақан сері” атты облыстық іріктеу айтысы өтті. Бұл айтыс 20 сәуірде «Достар» мəдениет сарайында өтетін жастардың республикалық айтысына қатынасатын ақындарды сараптау мақсатында ұйымдастырылды.  Сəтін салса сəуір айында республикамыздың түпкір-түпкірінен келетін 17-25 жас арасындағы аузымен құс тістеген ақындардың дүбірлі додасы өтеді. Осы айтысқа жолдама алған Мұхаммед Қонқай, Таңнұр Əлбосын, Ақынбай Сəрсенби, Нұрислам Əбділ  сияқты ақындарды құттықтаймыз. Іріктеу айтысында іркілмей ірі айтыс жасаған Нұртуған Серікұлына, Ажар   Қайырбекқызына, Жансая Қайымханға, Абзал Жұмабекке, Думан Саматұлына ерекше алғыс білдіреміз.

 

Айтысқа төрелік еткен Байқал Байəділ, Қуаныш Оспан,  Мерген Тоқсанбайлар қара қылды қақ жарды.

Айтысты жүргізу тізгінін қолға алған Абзал Балтабайдың да еңбегі зор.

Сонымен,  құрметті Көкшетаулықтар, айтыс сүйер барша ағайын,  бəріңізді 20-шы сəуір күні «Достар»  мəдениет сарайында өтетін жастардың республикалық жастар айтысына шақырамыз.

Бөлісу